Бибігүл Жексенбай Бас редакторлар клубының президенті болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бибігүл Жексенбай Бас редакторлар клубының президенті болып сайланды

15.05.2014
Бибігүл Жексенбай Бас редакторлар клубының президенті болып сайланды
Танымал журналист Бибігүл Жексенбай «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды. Бүгін дәстүрлі есеп беру - сайлау конференциясында клуб мүшелері Б.Жексенбайдың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Бұған дейін бұл қызметті атқарған белгілі қаламгер Кенжеболат Жолдыбай президенттіктен ұйымның жарғысына сай, яғни сайлану мерзімі аяқталуына байланысты босатылды.
 
«2013 жылғы 19 сәуір және 2014 жылғы 15 мамыр аралығында «Бас редакторлар клубы» өзінің жарғылық міндеттеріне сәйкес қоғамда қалыптылық пен ұлтаралық келісімді сақтау, елде шығармашылық ахуалды нығайту, БАҚ арасында нарықтық қатынастарды дамыта отырып салиқалы бәсекелестікті орнықтыру бағытында бірқатар жұмыстарды атқарды», - деді өзінің есептік баяндамасында Кенжеболат Махмұтұлы.
 
Жалпы алғанда Бас редакторлар клубы есепті кезеңде 80-нен астам іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған. Маңғыстау және Жамбыл облыстарында Бірлестіктің бөлімшелері ашылып, филиалдардың саны сегізге дейін жетті.
 
Жиында сөз алған Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаев бірлестіктің басшылық құрамына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы шараларды жетілдіру тетіктеріне тоқталды.  
 
 
Біздің анықтама:
 
Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай
 
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін  тәмәмдаған. Бизнес әкімшілік магистрі, Халықаралық Бизнес Академиясының шәкірті /ХБӘ/.  Бірнеше телевизиялық деректі фильмдердің авторы.
 
Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» республикалық газетінде тілші қызметінен бастаған.
 
«Жас Алаш» республикалық қоғамдық-саяси газетінде, «Атамура-Столичное обозрение» газетінде жұмыс істеген.
 
1996 мен 2007 жылдары Астана қаласында қатардағы тілшіден «Хабар» агенттігінің орталық бюросының директор орынбасарына дейін қызмет етті.
 
2007 жылы «КТК» телеарнасына қазақ тілінде хабар тарату жетекшісі болып істеді. 
 
2007-2008 жылдары Ақпараттық - сараптамалық бағдарламалар дирекциясының жетекшісі, ал кейін  «Қазақстан» телеарнасы директорының орынбасары болды.
 
2008 жылы  «ЭРА» Телекомпаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары болып қызмет еткен. 2009 жылы «Жетінші канал» телеарнасының бас директоры орынбасары және бас редакторы болды.
 
2010 жылы «Жетінші канал» телекомпаниясының бас директоры қызметін атқарады. 2011 жылдың қаңтарынан « ЭРА» Телекомпания» ЖШС директорлар кеңесі төрайымы.
 
2012 жылдан бүгінге дейін «Бас редакторлар Клубы» ҚБ вице-президенті болды.
 

Хабарламаларға жазылу