Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «Сырласу» клубын ашты. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Мақсат - өнер ордасында еңбек етіп, есімдері тарихқа айналған тұлға, бүгінгі сахна өнерінің майталманы атанған актерлер шоғырының өнері мен өнегелі өмірін көпшілікке таныстыру.
«Сырласу» клубы 14 наурыз күні алғашқы кездесуін бастады. Қонақта - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бақтияр Қожа мен актриса, «Арнау» тобының әншісі Салтанат Бақаева көрерменмен кездесті. Жүздесу спектакльге келген «Арыстан» әскери лицейінің оқушыларына арнайы ұйымдастырылды.
Ал, 19 наурызда өтетін кездесу Сәбира Майқанованың шығармашылығына арналған. Онда Қазақстанның Халық әртістері Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, С.Майқанованың қызы Гүлдардың әсерлі естеліктерімен бөліспек.
Театр ғимаратының 3-ші қабатында орналасқан клуб шағын сахна, музыкалық аспаптармен жабдықталған. Бұл актерлердің жанды дауыста ән салып, сахналық монологтар оқып, өнер көрсетулеріне мол мүмкіндік береді.