Соғыстың соңғы нүктесін қойған батыр қазақ - Рақымжан Қошқарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соғыстың соңғы нүктесін қойған батыр қазақ - Рақымжан Қошқарбаев

09.05.2014
Соғыстың соңғы нүктесін қойған батыр қазақ - Рақымжан Қошқарбаев
Рақымжан Қошқарбаев  1945 жылдың 30 сәуірінде жауынгер Григорий Булатовпен біргеРейхстагқа Кеңес одағының туын тіккен болатын. Ол осы ерлігі арқылы сұрапыл соғысқа нүкте қойды...
 
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1942 жылы алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірді. Майдан даласына да осы жылы аттанған.

Р.Қошқарбаев шовинизмінің құрбаны болды деуге болады. Қазақ батырының ерлігі кешеге дейін мойындалмай, соғыстың соңғы сәттеріндегі оқиға бұрмаланумен келді. Осыншама алапат соғысқа қазақтың жап-жас жігіті нүкте қойды деген шындық ауыр тиді кейбіреулерге.

Тіпті кешеге дейін II Дүниежүзілік соғыстың тарихы осылай жазылып келген еді. Яғни, қызыл тудыРейхстагқа тіккен грузин жауынгері Мелитон Кантария және Егоров деп айтылып келді.

Рейхстагқа тудың екі рет тігілгені де осы кешегі күндерге дейін айтылмай келді. Өйткені, сол кездің саясатына азиаттардың жеңіс туын тігуі мүлдем сай келмейтін.
 
Шындығында, Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа дейінгі 300 метр қашықтықты 7,5 сағат жүріп өткен. Межеге жеткен кезде Григорий Рақымжанды иығына салып көтеріпті, ту барынша жоғары желбіресін деп. Бұл оқиғаны тіпті американдық «Нью-Йорк таймс» газеті де жазған.
 
1945 жылдың 1 мамырындағы санында басылым Гитлер режимінің құлағандығын және Рейхстагқа лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатовтың ту тіккендігін айтады.

Қошқарбаевтың ерлігі ақыры мойындалды. Тек араға алпыс жылдан астам уақыт салып. Өкініштісі, батырдың көзі тірісінде КСРО тарапынан оған лайықты құрметтің көрсетілмеуі ғана.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылдың 10 тамызында дүниеден өтті. Араға он бір жыл салып, 1999 жылы оған Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.
 

Хабарламаларға жазылу