Жеңіс күні қарсаңында Елордада ардагерлердің қатысуымен көптеген патриоттық шара болып өтті. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сұрапыл соғыс жылдары еске алынып, Жеңіс тойы тойланды.
Елордалық жастар да қалыс қалмай, ленталары мен белгілер таратып, «Мен батырлар ұрпағымын» атты жыл сайынғы акцияны ұйымдастырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жыл сайын Астана қаласының әкімдігі Жеңіс күніне орайластырылған мерекелік ленталар таратады. Биыл олар Қазақстанның нышанымен ерекше жасалды. Жеңіс орденінің символы мен қазақстандық ою-өрнектер салынды, түсі тудың түсіндей көгілдір. Лента таратудың мақсаты - жастардың бойында патриоттық сезімді ояту, жеңістің құндылығын түсіндіру және өткенді құрметтеу», - деді ұйымдастырушылар.
Акция барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына 3 мыңнан астам мерекелік лента таратылды.