Бүгін таңғы 8 сағат 45 минут шамасында Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Шиелі ауданы, Тартоғай елді мекені тұсында көлік апатынан 9 адам қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаеваға сілтеме жасап.
Халықаралық автобанда қарсы бағытта келе жатқан «Газель» автокөлігіне «Джип» автокөлігі соқтығысқан. Апат орнында 7 адам бірден тіл тартпастан кетсе, 2 адам Шиелі аудандық ауруханасына алып бара жатқан жолда қайтыс болған. Қазіргі күні 3 адам жансақтау бөлімінде, 3 адам хирургия бөлімінде жатыр.
Оқиға орнына жедел жеткен облыстық медицина орталығының санавиация дәрігерлері нейрохирург, травмотолог мамандар ем-шараның қолдан келгенін жасауда. Сондай-ақ, жарақат алған 2 жолаушы облыстық Денсаулық сақтау орталығының жансақтау бөліміне жеткізілген. Жарақат алған басқа да жолаушылармен психиатр, психолог мамандар жұмыс жүргізуде, - дейді Н. Тұрсынбаева.