Елімізде 10 еркін экономикалық аймақ құрылмақ. Бүгін Астанадағы «Тәуелсіздік сарайында» өткенАзия даму банкі кеңесінің 47-ші отырысында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осыны жеткізді.
Оның айтуынша, қазір инвесторларға тиімді әрі ыңғайлы жаңа пакеттер дайындалуда. Бұл тек шетелдік инвестициялық тетіктерді құру және қолдау ғана емес, қосымша түрлі кедергілерді жоюға бағытталады.
Сондықтан, 10 еркін экономикалық аймақ құрудың тиімді тетіктерінің бірі - халықаралық басқару компанияларын тарту. Сонымен қатар, Қазақстанда ірі мұнай-газ бен тау-кен және геологиялық барлау сияқты әлеуетті жобалар да іске асырылмақ.
Оған қоса, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымдарды дамыту саласы да қаржы құюға қолайлы. Бұл инвесторларды қызықтыратыны анық.
Бұдан бөлек, логистикалық жобаларды дамытудың нәтижесінде Қытаймен арадағы шекарада, Каспийде жүк порттарын, логистикалық орталық салу ісі жоспарлануда.
Бұл Қазақстанның транзиттік ел атануына септігін тигізеді.
Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі:
Қазақстан инвестициялық сауда-саттық үшін аймақтық орталық десек болады. Көптеген инвесторлар келіп, өндіріс саласында өз бизнестерін ашуда. Сондықтан, еліміз оларға барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Осылайша, инвесторлар Қазақстан арқылы Ресей, Беларусь елдерінің нарықтарына, Орталық Азияға шығуға мүмкіндік алды. Әлбетте, мұның бәрі бір жылдың ішінде бітетін шаруа емес. Ол үшін бізге технология, серіктестер және мамандарды дайындау үшін уақыт қажет. Бұл бағытта индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында жұмыстар атқарылады.
Алмат ӘБДІРАМАН