Астанада Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтпек

30.04.2014
Астанада Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтпек
3 мамыр күні Астанада Қырғыз елінің  белгілі ақыны, жырау Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Алатау бұлбұлы» атты мерейтойлық кеш өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін шараға Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Кәмила Талиева, Қазақстанның Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ТҮРКІСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, сонымен қатар, екі елдің қоғам қайраткерлері, зиялылары және өнер майталмандары қатысады деп жоспарлануда.
 
ТҮРКІСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы былтыр 2014 жылды Тоқтағұл Сатылғановтың жылы деп жариялаған болатын. Наурыз айынан бастап аталған ұйымға мүше елдерде қырғыз ақынына арналған конференциялар, концерттік іс-шаралар мен түрлі жиындар өткізіліп келеді.
 
Сондай-ақ, Түркі академиясы қырғыз ақынының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан кейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында «Тамыры бір бәйтерек» атты мерекелік концерт өтеді.
 
Оған Қазақстан мен Қырғыз елінің өнер шеберлері, Астанадағы «Құт білім» жексенбілік қырғыз мектебінің тәрбиеленушілері қатысады. Сонымен бірге, әріптестер мен демеушілердің қолдауымен Тоқтағұл Сатылғановтың шығармаларын қазақ тіліне аударуып бастыру көзделуде. 

Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының, Түркі академиясының, бірқатар қоғамдық ұйымдардың қолдауымен өтпек.

Хабарламаларға жазылу