Дүниежүзілік бокс сериясындағы «Астана арландары» мен «Baku Fires» арасындағы жартылай финалдық алғашқы кездесуінің соңғы жекпе-жегінде 91 келі салмақта Василий Левит пен Абдулкадыр Абдуллаев жұдырықтасты.
Айта кетейік, әзірбайжандық команданың бас бапкері Нурипаша Талибов дәл осы жекпе-жектің шешуші болатынын мәлімдеген еді. «Арландар» намысын қорғайтын Василий Левит әзірге жеңіліп көрген емес. Осыған дейін бес кездесу өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтаған.
Бұл екі боксшы былтыр Алматыдағы жекпе-жекте жолдары түйісіп, жеңіс жерлесіміздің еншісінде қалған. Содан бері Абдуллаев екі жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңіспен аяқтады.
Ширек финалда Италия елінің мақтанышы, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, 2007 жылғы Әлем чемпионы Клименте Руссоны ұрып жыққан да дәл осы Абдуллаев болатын.
Дегенмен ол бұл жолы да Василий Левитке есе жіберді. Қазақстандық боксшы шешуші жекпе-жекте үстем болып, «Астана арландарына» жеңіс сыйлады. Есеп – 3:2.