ҚР Үкiметі «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберiнде «KEGOC» компаниясының акцияларын қаржы нарығына шығаруға дайындық жұмыстарын бастады.
ҚР Президенті жанындағы ОКҚ өткен брифингте Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрiЕрболат Досаев осылай мәлiмдеді.
«Үстiмiздегi жылы отандық қор нарығына «KEGOC» АҚ акцияларын шығаруды жоспарлап отырмыз. Компания мемлекет үшiн стратегиялық нысан болғандықтан, объектiге бақылауды күшейту және сақтау бөлiгiнде ұлттық заңнамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу бойынша iстер атқарылуда. Қандай өзгерістер енгізу қажеттігі келесi аптадағы Үкiмет отырысында қаралады», деді министр.
Брифингке қатысқан «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова шара халықаралық тәжiрибелер негiзiнде жүзеге асырылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.