Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері кең - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері кең

12.04.2014
Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері кең
-Бұл жоба әу баста ішкі нарық пен құрылыс индустриясының кәсіпорындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Іске қосылғаннан бері қандай көрсеткіштерге қол жеткізіп үлгердіңіздер?
 
Андрей Мирский, «Евраз Каспиан Сталь» Қазақстан-Ресей бірлескен жобасының жетекшісі (Ресей): 
 
-Біз дәл қазір «Евраз» холдингінің орталық ғимаратында тұрмыз. Бұл - Ресейдегі металлургия саласындағы ең ірі компаниялардың бірі. 2010 жылы қазақстандық «Caspian Group»-пен бірге Қостанай қаласында металлды арматура шығаратын бірлескен кәсіпорын салу жөнінде шешім қабылданды.
 
Көп кешікпей қазақстандық арматура  нарыққа шығады. Бұған дейін бұл өнімнің басым бөлігі шетелден әкелінетін. Енді 450 мың тонна көлеміндегі арматура Қостанайда өндірілмек. Аталмыш жоба Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, «Даму» қорының және«Даму» банкінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бүгінде зауыттың құрылысы толығымен аяқталып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Қалыңдығы 10 дм-ден 40 дм-ге дейін жететін дайын өнім бар. Бірақ, оны нарыққа шығару үшін арнайы сынақтан, тексеруден және сертификаттаудан өткізуіміз қажет. Ең алғашқы өнімді биылғы жылдың маусым айында нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Дәл сол кезде барша сатып алушыларымызды өндіріс алаңына шақырып, сапасы жағынан өзге өнімдерден аспаса, кем түспейтін тауардың технологиясымен таныстырмақпыз.
 
- Бір мақалаңызда сарапшылардың Еуразиялық интеграция төңірегіндегі ойларын келтіріпсіз. Сол шетелдік әріптестеріңіздің пікірін екшей келе, сондай-ақ, жағдаймен іштей таныса отырып, өзіңіз осы тұрғыда қандай ой түйдіңіз?
 
Арсений Сивицкий, Стратегиялық және сыртқы саяси зерттеулер орталығының директоры (Минск):
 
-Расында, шетелдік тәуелсіз сарапшылардың бұл тақырыпқа деген пікірі сан алуан. Еуразиялық экономикалық интеграция Кеңес одағын қайта жаңғыртудың бір жолы деп түсінетіндер де бар. Мұның шындыққа жанаспайтынын бәріміз жақсы білеміз. Бұл кереғар көзқарасты теріске шығарып, интеграцияның тиімділігін алға тартатын сарапшылар баршылық. Олар жаңа интеграциялық құрылыммен жан-жақты іскерлік қарым-қатынас орнату жолдарын ұсынуда.
 
Атап айтқанда, ЕО пен болашақ ЕАЭО-тың арасында еркін сауда аймағын құру мәселесі қызу талқыға салынып отыр. Тұрақты прагматикалық байланыстар қажет екенін көпшілік мойындайды. Экономикалық топтарға бірігу - бүкіләлемдік тенденция. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұндай одақ ең алдымен жаһандық қаржылық дағдарысты бірге өткеру үшін жасалып отырғанын түсінуіміз керек.
 
-Ал, Беларусь халқы мұны қалай қабылдап отыр? Қалай ойлайсыз, интеграцияның Беларусь еліне тигізер пайдасы қандай?
 
- Интеграцияның Беларусь еліне берері мол. Ең алдымен біз үшін 180 миллиондық нарық ашылып отыр. Бұл - үлкен жетістік. Кедендік одақ, ортақ экономикалық кеңістік 4 еркіндік беретінін білесіздер. Осы тұрғыдан алғанда, тауарлардың, қызмет түрлерінің, жұмыс күшінің, капиталдың кедергісіз айналымға түсуі ел экономикасына оң ықпал етері сөзсіз. Әзірге кемшіліктер мүлде жоқ деп айта алмаймын. Десек те, үш жақ бірігіп атқарып жатқан жұмыстар, арнайы «Жол карталары» үлкен үміт күттіреді. Қазірдің өзінде біздің еліміз біраз жеңілдіктерге қол жеткізіп отыр. Мәселен, Ресеймен жасалған келісім бойынша Беларусь елінің энергия тасымалдаушыларына арнайы коэфиценттер белгіленген. Қазіргі таңда Беларусь 1000 текше метр газды 164 долларға сатып алады, ал, салыстырмалы түрде Украинаны алар болсақ, Қара теңіз флоты туралы келісімшарт бұзылған соң, ол жаққа 1000 текше метр газ 480 долларға сатылатын болған.
 
Мұнай балансына қатысты да Беларусь еліне арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мұнымен қоса, Ресей Федерациясының кредиттік ресурстарына да жол ашылады. Көлік жасау саласы да бұл интеграциядан ұтады. Бірлескен кәсіпорындар іске қосылуда. Жақын арада «МАЗ» бен «КаМАЗ»бірігуі мүмкін. Жалпы, трансеуразиялық компаниялар мен холдингтер құруда да жаһандық нарықта бас қосып, өз құқықтарымызды қорғап қалуымыз керек. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Кедендік одақ пен экономикалық кеңістік құрып қана қою аздық етеді. Біртұтас сауда-өнеркәсіп саясатын енгізбей, ғылыми-техникалық саясатты жетілдірмейінше, дамымаймыз.
 
-Еуразиялық экономикалық интеграция идеясы халықаралық сарапшылар арасында қызу талқыға түсуде. Осы сұраққа қатысты корей сарапшыларының пікірін айта аласыз ба? Кореяның аймақтық одақтасу тәжірибесіне қатысты мысалдар келтірсеңіз...
 
Чже Сун Хун, Корея Халықаралық экономикалық саясат институтының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы (Сеул, Оңтүстік Корея):
-Еркін сауда айналымын құру мақсатында экономикалық одақтарға бірігу - әдеттегі іс. Еркін сауда аймағы, Кедендік одақ, ортақ нарық дегеніміздің бәрі экономикалық интеграция аясында дамиды. Мұндай жағдайда бірнеше елдің мақсат-мүдделері бір жерден шығуы керек.
 
Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тарихы ортақ, экономикалық жағдайлары да ұқсас. Ендігі кезекте осы балансты сақтап қалу қажет. Яғни, интеграция 3 жаққа да тиімді болғаны дұрыс. Қазақстан, Ресей болсын, Беларусь болсын, Корей сарапшылары қазіргі таңда үш мемлекетке де экономикалық реформалар қажет деп есептейді.
 
Оңтүстік Кореяны мысалға алар болсам, біздің елде еркін экономикалық аймақтар шетелдік инвестиция тартып, Солтүстік-Шығыс Азияда экономикалық, қаржылық және логистикалық орталықтар ашу мақсатында құрылды. Аймақтарда түрлі жеңілдіктер қарастырылған, олар әрдайым өзгеріп отырады. Оның үстіне, еркін экономикалық аймақтарды шетелдіктерге тартымды ету үшін инфрақұрылымына да көп қаржы құйылады. Мысалы, бүгінде біз АҚШ-қа көлік шығарамыз, ал, ол жақтан елімізге тамақ өнімдері импортталады. Корея 2020 жылға қарай әлемдегі ең тартымды еркін экономикалық аймақтардың біріне айналуды көздейді.
 
-Түрлі деңгейдегі аймақтық экономикалық одақтардың әлемде көптеп құрылып жатқанын байқаймыз. Кедендік одақтарды, болмаса еркін сауда аймақтарын салыстыра отыра олардың өміршеңдігінің сыры неде деген сауалға жауап берсеңіз...
 
Мвита Чача, саясаттану ғылымдарының докторы, Джорджия университетінің Халықаралық сауда және қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері (Атенс, АҚШ):
-Мен Еуроодақты мысалға келтірер едім. Ең нәтижелі одақтардың бірі ретінде оны айналып өту мүмкін емес. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия ұлттарының одағы, Кариб қауымдастығы, Шығыс және Оңтүстік Африканың ортақ нарығы, яғни, «COMESA» Еуроодақтың үлгісі бойынша құрылған.
 
Интеграцияның негізгі қозғаушы күші - тауар десек, одақ құруға итермелейтін тағы бір күш - ол елдердің бір аймақта орналасуы. Әлбетте, шалғайдағы елдерге қатынағаннан гөрі, көршілес мемлекеттермен аралас-құралас болған әлдеқайда ыңғайлырақ. Одақтың өміршеңдігінің бір сыры да - осы.
 
Мысалы, Оңтүстік және Шығыс-Азия ұлттарының қауымдастығын алайық. Оның құрылғанына 45 жыл толған шығар. Бірақ, одақ жыл сайын нығайып жатыр. Ұзақ жылдар бойы одақтасып келген елдердің қатарына Латын Америкасын, Канада мен Мексикамен одақтас АҚШ-ты да қосуға болады. Интеграциялық одақ құрудың кемшіліктерінен гөрі артықшылықтары басым.
 
Біріншіден, мүше елдердің нарығы қарқынды дами түседі. Көршілес елдермен тауар айналымы жақсарады. Екіншіден, елге инвестиция тарту үшін де тигізер пайдасы мол. Мысалы, Қазақстан кезінде біраз инвесторларды  өзіне тартты, енді еуразиялық одақтың құрылуымен нарық ұлғая түседі. Осылайша, бұл инвесторлар Ресейдің, Беларусь елінің нарығына шығуға мүмкіндік алады. Интеграциядан қарапайым тұтынушылар да ұтады. Төмендетілген тарифтердің арқасында, тауардың түр-түрі шығарылып, оларды арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі туады. Инвесторлар көптеп қаржы құятындықтан, жұмыс орындары да көбейе түседі.
 
-Үш тараптың келісіміне сәйкес, Еуразиялық одақ - тек қана экономикалық бірлестік. Елдердің саяси жағдайын, әлеуметтік хал-ахуалын талдау одақтың міндетіне жатпайды. Жалпы, саясат пен экономика сияқты бір-біріне тікелей байланысты салаларды бір-бірінен ажыратудың мүмкіндігі қандай? Қандай мысал келтіре аласыз?
 
-Иә, екі саланың аражігін ажырату әбден мүмкін. Өйткені, әлемдегі барлық елдер өз Тәуелсіздігін қызғыштай қорғайды, әр ұлт өз болмысын сақтап қалуды көздейді. Экономика мен саясатты бір-біріне араластырмай, ажырата білген одақтардың бірі деп АЗЕАН-ды алуға болады. Олар бірден тек экономикалық бірігуді көздейтінін белгілеп берді. Солтүстік Американың Канада мен Мексикамен бірлесіп құрған еркін сауда аймағы да бар болғаны либерализацияны көздеді, Тәуелсіздіктеріне еш нұқсан келтірмеді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты айтар болсам, Президент Нұрсұлтан Назарбаев шынымен де бұл одақтың Кеңес үкіметін жаңғырту үшін құрылмағанын, саясатқа еш қатысы жоғын қадап айтты. Оны қалған екі елдің саясаткерлері де дұрыс қабылдады деп ойлаймын.
 
Сұхбаттасқан: Диана АХМЕТЖАН

Хабарламаларға жазылу