Италия үкіметі шенеуніктердің қызметтік көліктерін саудаға шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италия үкіметі шенеуніктердің қызметтік көліктерін саудаға шығарды

29.03.2014
Италия үкіметі шенеуніктердің қызметтік көліктерін саудаға шығарды
Италия үкіметі «eBay» интернет-аукционы арқылы қызметтік көліктерін саудаға шығармақ, деп хабарлайды РБК.
 
Жалпы алғанда, онлайн-аукционға 151 автокөлік қойылған. Бұл тізімге қорғаныс министрлігінің екі «Jaguar» және тоғыз «Maserati» көліктері енген. Мұндай шешімді елдің жаңа премьер-министрі Маттео Ренци ел қазынасын молайту мақсатында қабылдаған.
 
Алғашқы автокөліктер саудаға 27 наурыз күні шығарылған. Қазір Alfa Romeo 166 сериясына қойылған ең жоғары баға - 8621 евро. 15 мың евроға бағаланған дизельді BMW 525-ке  75 сатып алушы қызыққан. Бұл көліктерді бұрын Италияның сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері пайдаланған болатын.  Сауданың нәтижесі 16 сәуір күні белгілі болмақ.
 
Айта кету керек, италиялықтар біраз уақыттан бері елдегі дағдарыс салдары  мен қазынаның ортайғанына қарамастан, мемлекеттік мекемелер бюджеттің қаржысына 6,2 мың қызметтік көлікті пайдаланып жүр, деп наразылық білдіруде.
 
Үкімет басшысының мұндай шешім қабылдауы бірінші рет емес. Премьердің өзі аз литражды «Smart» көлігімен жүреді.

Хабарламаларға жазылу