«Ең дарынды болашақ журналист» байқауы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ең дарынды болашақ журналист» байқауы қорытындыланды

29.03.2014
«Ең дарынды болашақ журналист» байқауы қорытындыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Ең дарынды болашақ журналист» атты пәндік олимпиада өтті.

Олимпиаданы журналистика факультетінің деканы Өмірхан Абдиманұлы ашты. Сайыстың төрелігін «Ақиқат» журналының редакторы Аманхан Әлім, танымал блоггер Асхат Еркінбай, «Айтуға оңай» бағдарламасының продюссері Самал Мейрам, ҚазҰУ профессоры Аманқос Мектептегі сынды азаматтар айқындады.

Республикамыздың 11 университеті, атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, С.Аманжол атындағы ШҚМУ, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университеті бақ сынаған сайысқа «Каспий банк», «Айтуға оңай» бағдарламасы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы демеушілік етті.

«Ең дарынды болашақ журналист» олимпиадасына басқа ұлт өкілдерінің студенттері де қатысты. Павлодар Мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Елена Гаркава: «Әл-Фараби университетінде журналистика факультетінің студенттері үшін жақсы жағдай жасалыпты, радиостудия, телестудиялармен жабдықталған, маған қатты ұнады», -деді. Сайыс нәтижесінде 1-орын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне бұйырды. 2-орынды академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті алды. Ал, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университеті, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 3-орынды иеленді.

Сайыстың төрағасы «Ақиқат» журналының редакторы Аманхан Әлім олимпиадаға қатысушылардың арасында академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің командасын жоғары бағалағанын айтты. «Сайысқа қатысқан он бір жоғары оқу орнының ішінде Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Мерей Қалиасқардың «Мәңгілік ел» туралы бес минуттық видеосюжетіне жететін сюжет болған жоқ бүгін. Кәсіби тұрғыда жасалған материал»,-деді А. Әлім.

Хабарламаларға жазылу