Қазақстан аумағында ресейлік зымырандарға сынақ жүргізу уақытша тоқтатылды - Қорғаныс министрлігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан аумағында ресейлік зымырандарға сынақ жүргізу уақытша тоқтатылды - Қорғаныс министрлігі

28.03.2014
Қазақстан аумағында ресейлік зымырандарға сынақ жүргізу уақытша тоқтатылды - Қорғаныс министрлігі
БҚО-ның  Бөкейорда ауданының аумағына МН-300 метеорологиялық зымыранының құлауына байланысты, Қазақстан аумағында ресейлік зымырандарға сынақ жүргізу уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
 
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2014 жылғы 27 наурызда Мәскеу уақытымен  02.25-те  Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы Шоңғай елді мекенінен бір шақырым қашықтықта МР-30 кешенінің МН-300 метеорологиялық зымыраны құлаған болатын.
 
Зымыранның ұшырылуы 2013 жылғы 28 қарашада ҚР Қорғаныс министрлігімен келісілген. 2014 жылғы сынақ жұмыстары жоспарына сәйкес Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Капустин Яр» полигонынан жүргізілді.  
 
«Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, сынақ барысында қозғалтқыш қондырғысы істен шығып, зымыран полигон аумағына жетпей құлаған. Құлаған зымыран қалдықтарынан зардап шеккендер жоқ, экологиялық залал келтірілмеген»,  делінген министрлік таратқан хабарламада.
 
Қазіргі уақытта Қазақстан Қорғаныс министрлігі оқиға салдары анықталғанша, Ресейге жалға берілген жауынгерлік алаңдарды пайдалану мен Қазақстан аумағында сынақтар жүргізуді уақытша тоқтатты.

Хабарламаларға жазылу