Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің сәтті аяқталғанын ресми мәлімдеп, халыққа Үндеу жолдады.
«Көптен күткен бұл шешім - күллі Қазақстанның жеңісі», - деді Мемлекет басшысы.
Дүниежүзілік сауда ұйымы - халықаралық сауда ережелерін реттейтін экономикалық ұйым. ДСҰ мен Қазақстан арасында келіссөздер алғаш 1996 жылы жүргізіле бастады. 19 жыл ішінде Үкімет пен ел сарапшылары тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті.
Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіліп, бизнеске барынша жағдай жасалды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін Мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды.
«Дүниежүзілік сауда ұйымының Қазақстанға берері мол. Сырттан келетін кейбір тауарларға кедендік жеңілдіктер жасалады, елге инвесторлар тартылады. Міне, осының барлығы елді жаңа сатыға көтереді», дейді Түркияның «Бастуг Темір Металл» корпорациясының президенті Мұстафа Бастуг.
Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ