«Astana Piano Passion» байқауына 23 елден 120 бала өтініш берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Piano Passion» байқауына 23 елден 120 бала өтініш берді

25.03.2014
«Astana Piano Passion» байқауына 23 елден 120 бала өтініш берді
«Astana Piano Passion» II халықаралық байқауына қатысуға әлемнің 23 елінен 120 бала өтінім берді.
 
Өтінімдердің көбі Қазақстан, Ресей, Қытай, Украина, Өзбекстан, Австралия, Сербия, Албания және Вьетнам елдерінен келіп түсті, деп хабарлайды ұйымдастыру комитеті.
 
Байқаудың ең жас қатысушысы - Астана қаласынан Шыңғыс Балапанов. Ол осыдан бір ай бұрын 6 жасқа толды. Шыңғыстың «Виртуозы» жеке музыкалық мектебінде музыкамен шұғылданып жатқанына 2 жылдың көлемі болды.
 
«Astana Piano Passion» байқауы географиялық кеңділігі және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Өтінімдер Солтүстік Америка, Еуразия және Австралия елдерінен де келіп түсті.
 
Іріктеу кезеңінің әрбір қатысушысы ұйымдастыру комитетіне орындаған үш шығармасының бейнежазбасын жіберді. Қазылар алқасы бас-аяғы 50 сағатқа созылатын бейнежазбаларды зерттеуі керек. Сонымен бірге, байқаудың жартылай финалына 30 бала ғана өтпек.
 
Байқаудың жартылай финалына өтетін балалардың есімі бір аптадан соң, яғни 2014 жылдың 1 сәуірінде белгілі болмақ. Бұл балалар 2014 жылы 10-16 мамыр аралығында Астана қаласында  классикалық музыка фестивалі аясында өтетін «Astana Piano Passion» байқауының жартылай финалына және финалына қатысуға келетін болады.
 
Байқаудың жүлде қоры - 60.000 АҚШ долларын құрайды. Жүлдегерлерге оқу гранттары, арнайы және ынталандыру сыйлықтар ұсынылады.

Хабарламаларға жазылу