Қазақстанда баспана бағасы 2-3 жыл өспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда баспана бағасы 2-3 жыл өспейді

17.03.2014
Қазақстанда баспана бағасы 2-3 жыл өспейді
Республикалық бағалаушылар палатасы төрағасының орынбасары Александр Калинин алдағы 2-3 жылда елімізде баспана бағасы көтерілмейді деп мәлімдеді.
 
Ол: «Дағдарыстан кейін нарықта тоқырау байқалады, сол себепті тұрғын үй бағасы алдағы 2-3 жылда көтерілмейді. Халық баспаналы болу үшін жалға берілетін үйлер құрылысы мен жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша әлеуметтік бағдарламаларды дамыту қажет. Өйткені, бұл ондаған жыл бойы жинаған ақшаға сатылып алынатын дүние», - деді деп хабарлайды «Капитал».
 
Сарапшының айтуынша, халықтың сатып алу мүмкіндігіне ие бөлігі баспаналы болды. Енді олар пәтерді қалай сатарын білмейді. Қазіргі уақытта кеңселер мен жер телімдерінің бағасы арзандаған.  Мысалы, Алматының элиталық ауданындағы 500 шаршы метр үйді ұстап тұру үшін көп шығын кетеді.
 
«Барахолканы» сүріп тастау жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде бұл аудандағы үйлердің құны мен жалға беру бағасы төмендеді. Өйткені, көптеген саудагерлер базар төңірегінде пәтер жалдап тұрды. Керісінше,  жаңа базарлар салынатын Құлжа ауданында  жылжымайтын мүліктің бағасы өседі», - деп түсіндіреді Калинин.
 
Калининнің сөзінше, теңге бағамының өзгеруі  тұрғын үйдің бағасына айтарлықтай ықпалын тигізген. Сатып алушылардың санын қысқартқан. Өйткені, көпшілік үлкен саудаларды кейінге қалдыруды жөн санаған.
 
«Бағаның өсуі жөнінде сөз қозғаудың қажеті жоқ. Өйткені, үйлер теңге бағамы өзгергенге дейін салынды. Құрылыс материалдарын жаңа баға бойынша сатып алған жоқ. Сұраныстың азаюынан нарықтағы жылжымайтын мүліктің бағасы төмендейтініне күмән келтірмеймін. Екінші жағынан, құрылыс компаниялары жылжымайтын мүліктің өтпей жатқанын мойындай алмайды. Сол себепті бағаның шарықтау туралы болжамдар жасалады. Әйтпесе, құрылысшылар табысынан айырылады», - дейді сарапшы.
 

Хабарламаларға жазылу