Украинада қарулы адамдар басып алған КамАЗ көліктері Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне арналған. Бұл туралы «КАМАЗ сауда компаниясы» ЖШС-ның директоры Марат Сиразетдинов мәлім етті.
Оның айтуынша, көліктер қазір Украина аумағында қалған. «Қазіргі уақытта аталған мәселенің шешімін табуға көмектесуді сұрап, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Украинаның Қазақстандағы Елшілігіне хат әзірлеудеміз. Біздің ойымызша, болған жайт 90-шы жылдардағы Тольяттидегі оқиғаларға ұқсайды. Ол елдегі жүргізушілер Украина азаматтары. Ал бейтарап аймақта, яғни Ресеймен шекарада оларды күтіп тұрған жүргізушілер басқа компанияның қызметкерлері еді. Қазіргі уақытта менің білуімше, Киевтің шешімі күтілуде. Жалпы, аталған көліктердің құны 75 миллион рубльге жуықтайды», - деді ол.
Аталған техникалар ауыл шаруашылығына арналған жүк таситын көліктер. Компания оларды көктемгі маусым қарсаңында сатуды жоспарлаған.
«Жүк көліктерін Қазақстандағы сұранысқа орай әкелеміз. Қазақстанда ауыл шаруашылығына қажетті жүк көліктеріне сұраныс тұрақты. Қоймада көліктер азайып қалды. Сондықтан, соңғы үш ай бойы сатылмай тұрған Украинадағы көліктерді Қазақстанға әкелу туралы шешім қабылданған еді»,- деді М.Сиразетдинов.
Естеріңізге сала кетейік, демалыс күні Украинада Қазақстанға әкеле жатқан «КамАЗ» көліктерін қарулы адамдар басып алған болатын.