Бүгін бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтан «Ел арна» телеарнасының жұмысын тоқтату себептерін түсіндіруді сұрады.
«Жыл сайын «Ел арна» телеарнасына 2 миллиард теңге бөліп келдік. Алайда, рейтинг бойынша осы арна 300 миллион теңгені ғана жинай алады, бұл біріншіден. Екіншіден, Мемлекет басшысының Үкіметке былтырғы жылдың қазан айындағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары бар. Онда Президент контент бойынша сұранысқа ие телеарналарға ғана қолдауды жалғастыруды жүктеген болатын. Ал «Ел арна» контенті, өздеріңіз білетіндей жартылай сатып алынған, аударылған, ал өзінің құрап отырған контенті жеткіліксіз», - деді министр Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, «Ел арнаға» бөлініп келген қаражаттың тең жартысы «24.kz» телеарнасының аймақтық тілшілер қосынын кеңейтуге жұмсалады. Қалған қаражат жаңа фильмдер түсіруге бөлінбек.