Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Өскеменде «Аяулы жас келін» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, Шығыс Қазақстанның үздік келіні анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Осымен екінші рет өтіп отырған байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан он бір келін қатысып, бақтарын сынады.
Байқаудың «Ас – адамның арқауы» атты алғашқы бөлімінде келіндер халқымыздың ұлттық тағамдарын жасаудан өзара сайысқа түсті. Екінші бөлімде келіндер өздерін таныстырса, үшінші бөлімде өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтты, бірі би биледі, бірі мәнерлеп өлең оқыды, тағы бірі пьесадан үзінді көрсетті. Келіндердің өнеріне риза болған әжелеріміз оларға ақ батасын берді.
«Сендер қашан да қазақтың келіндері екендеріңді ұмытпаңдар! Барған жерге тастай батып, судай сіңу, сол әулеттің өзіне тән ережесі мен қағидасын орындап жүру – келіндердің басты парызы. Бүгін сол әулеттің ақ отауы болсаңдар, келешекте сол әулеттің ақ ордасы атанасыңдар. Өздеріңнен кейінгілерді тәрбиелейсіңдер. Осындай халқымыздың мәңгілік ел болып қалуына үлес қосатын келіндердің барын көріп, көңілім марқайып отыр», - деді қазылар алқасының мүшесі, «Руханият» зиялы ардагерлер клубының жетекшісі Зейнеп Мәжікенова.
Осылайша қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Нәтижесінде «Аяулы жас келін» байқауында бірінші орынды Тоғжан Исанова қанжығасына байласа, екінші орынды Әсем Қайратбек, ал үшінші орынды Рысжан Екібасова иеленді.
Фото: Азамат Әбілұлы