Әлихан Бөкейханның шығармашылығына арналған республикалық конференция өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Бөкейханның шығармашылығына арналған республикалық конференция өтеді

05.03.2014
Әлихан Бөкейханның шығармашылығына арналған республикалық конференция өтеді
Биыл - қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт көсемі, публицист, энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейханның 148 жылдығы. Осыған орай, 6 наурыз күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейхан. Марксизм қағидасынан ұлттық «Алаш» идеясына дейінгі эволюциялық жол» атты республикалық конференция өтеді.
 
Әлихан Бөкейхан - ғұлама ғалым, ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы  ретінде қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірінде  өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
 
Ол - қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым -  ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы.
 
1906 жылы Омбыдан шыққан кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.
1911-1914 жылдары «Қазақ» газетінің ашылуы мен оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты.
 
Ұлт зиялысының мерейтойына арналған шара барысында  «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық жинағы - Собрание сочинений в 9 томах» жинағының тұсаукесері өтпек.
 
Конференция жұмысына тарихшы-ғалымдар, депутаттар, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысады.
 
Іс-шара «Бабалар қорымында» дамыл тапқан көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы мен Кенесары хан сарбаздарының рухына зиярат етуден басталады.
 
Конференциядан кейін Әлихан Бөкейханның рухына арналып ас беріледі.

Хабарламаларға жазылу