Шекарашылар Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының Өзбекстанмен шекаралас аймақтарында иесіз жатқан 10 тонна спирт өнімдерін анықтады, деп хабарлайды ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
«Қызылқұм» шекара заставасының наряды Өзбекстан аумағындағы шекара белгісінің маңайынан «УАЗ» маркалы екі машинаның жүргендігін байқаған. Шекарашыларды көрісімен олар көрші елдің аумағына қарай жасырынады.
Қазақстан жағындағы аумақты қарау барысында 1,5 литрлік құтыларға құйылып, 240 қапшыққа салынған спирт өнімдері табылды. Анықталған өнімнің жалпы салмағы 9 тоннаға жетті.
Бұған қоса, «Орынбай» заставасының шекарашылары да тағы бір спирт қоймасын тапты. Ол жерден бір тоннаға жуық спирт өнімі алынды.
«Иесіз жүкті жатқан жерінде шекара наряды күзетіп шықты. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жүктің иесі анықталып, оны қазақ-өзбек шекарасына дейін жеткізуге көмектескендердің есімдері де белгілі болды. Процессуальдық талаптарды сақтау мақсатында және тиісті шешім қабылдау үшін аталған жүктер заттай айғақ ретінде құқыққорғау органдарына берілді», делінген баспасөз хабарламасында.