Қызылорда облысында екі бірдей отбасында үшем дүниеге келді. Қазалы қаласының тұрғыны Кенжегүл Ембергенова үш ұл босанып, санавиациямен облыстық перинаталды орталыққа жеткізілген. Ұлдарының есімін Диас, Мирас, Манас деп атапты. Денсаулықтары қалыпты болған соң дәрігерлер жақында ғана нәрестелерді үйлеріне шығарды.
Ал Белібай ауылының тұрғыны Нұргүл Бегімбетова перинаталды орталықта босанды. Тоғыз жылдан бері перзент сүюді аңсап жүрген ерлі-зайыптылардың отбасында бір қыз бар болатын. Бұл отбасы екі ұл және бір қызбен толықты. Ата-анасы балаларының есімдерін Абдулрахим, Абдулазиз, Раяна деп қойды. Бүгін үшемдер үйлеріне шығарылды.