Бүгін Шымкенттің Абай аудандық сотында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағының апатқа ұшырау дерегі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Қазаэронавигация» РМК Шымкент филиалының диспетчері Қанат Ақылбеков ҚР Қылмыстық Кодексінің 295-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Сот барысында іс бойынша сегіз куәгердің өтетіні белгілі болды. Қосымша куәгерлер мен ресейлік сарапшылар да қатысуы мүмкін.
Еске салайық, ҚР Бас әскери прокуратурасының тергеу тобы «Қазаэронавигация» РМК Шымкент филиалының диспетчері Қанат Ақылбековке қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.
Ол ұшақтың апатқа ұшырауына кінәлі деп айыпталып отыр. Апат салдарынан 27 адам қайтыс болған еді, оның 20-сы - әскери қызметкер, жетеуі - экипаж мүшесі. Ұшақ апаты құрбандарының арасында Шекара қызметі басшысының міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен оның әйелі және Шекара қызметінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары болды.
Әскери ұшақ 2012 жылдың 25 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы аумағына құлаған еді.