Саяси ахуалдан зардап шеккен Украина экономикасының құлдырауы теңгенің бағамына әсер етпейді, деп есептейді ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов.
«Украинадағы саяси толқулардың теңгеге әсері тым аз, тіпті жоқ деуге болады. Егер Украинамен сыртқы сауда айналымын қарайтын болсақ, оның үлесі жалпы сауданың 4 пайызын ғана құрайды және сауда сальдосының көлемі шамамен 200 миллион долларға тең. Сондықтан Украинада қандай оқиғалар орын алса да, олар теңгенің бағамына, әсіресе девальвацияға әсер ете алмайды», - деді ол.
Оның ойынша, керісінше теңге бағамы болашақта 182-183 теңгеге дейін түсуі тиіс.
«Менің пікірімше, көктемде теңгенің бағамы нығаяды. Өйткені девальвация артығымен жасалды. Нарықта осындай пікір бар. Менің білуімше, девальвация артығымен жасалуы мүмкін. Сол себепті теңге нығая түсуі тиіс деп санаймын», - деді ол.