«Қазақ елі» деген сөз біздің мыңдаған жылдан бері келе жатқан ұғымымыз. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әкім Тарази айтты. Оның айтуынша, қазақ деген атау кейінірек шықса да, біз кезінде біртұтас ел болғанбыз.
«Біз Қытаймен де, Ресеймен де, Грекиямен де, Парсымен де, Византиямен де қарым-қатынас жасаған елміз. Сондықтан біздің халықаралық қатынасымыздың өзі мыңдаған жылдарға созылады. Ал жақында ғана айтылған Президенттің ұсынысы - әбден пісіп-жетілген ұсыныс деп ойлаймын. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз алаңдадық. Көршілеріміз қалай қарайды дедік. Қазір енді буынымыз бекіді, 23 жылдан астық, ендігі жерде Қазақ елі деген атты қайтарып алуымыз керек», - дейді жазушы.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, Президенттің бұл ұсынысы - көрегендік. Өйткені бүтіндей бір мемлекеттің атын өзгерту - оңай шаруа емес. Оған жан-жақты дайындықпен және әбден пісіп-жетілген уақытта кірісу қажет.
«Ал қоғамда туындап жатқан елді «Қазақия», «Қазақ Республикасы» деп атау қажет деген пікірлерге қосылмаймын. Неге десеңіз, жарты миллионнан астам ғана халқы бар Марий деген ел бар. Қазір Ресей Федерациясының құрамындағы автономиялық республика болса да, 1992 жылдың өзінде-ақ елдерінің атауын Марий Эл деп өзгертіп, конституциясын қабылдап алды. Кезінде Алтын Орданың құрамында болған бұл халық өзінің ата-тегін ұмытпай, Марийлардың Елі деп мемлекетіне ат қойғанда, оларға ешкім ештеңе демеді. Сондықтан біз де өз елімізді Қазақ елі деп атасақ, құба-құп деп санаймын!», - дейді Әкім Тарази.