Болашақта «Нива» автокөлігінің Қазақстандағы өндірісі тоқтатылады, деп хабарлады бүгін Астанада ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау.
Оның айтуынша, бұл Кедендік одақ аясында енгізілетін ортақ техникалық регламенттердің жаңа талаптарына орай жасалатын шара.
«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, Кедендік одақта барлық мүше елдерге ортақ техникалық регламент енгізіледі», - деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
А.Рау бұның алдында Өзбекстаннан келетін «Daewoo» көліктерін Қазақстанға әкелуге тыйым салынғанын да атап өтті.
Оның айтуынша, 2014 жылдың 5 қаңтар күні ҚР Үкіметінің Қаулысымен импортталатын көліктерге қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Өзбекстандық көліктер сол талапқа сай емес.
«Кешіріңіздер, бұл қауіпсіздік талаптары. Бізде шығарылатын көліктердің барлығы қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Тек «Нива» көлігінен басқасы, айтпақшы ол да өндірістен шығарылады», - деді ол.