Бүгін, 18 ақпанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Еуропалық инвестициялық банк пен «Қазақстанның даму банкі» АҚ арасында 120 миллион еуро мөлшеріндегі несиелік келісімдерге қатысты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Сондай-ақ, Еуропалық инвестициялық банк пен «Сбербанк России» АҚ Еншілес банкі арасында 100 миллион еуро сомасында осындай келісімдер жасалды. Бұл шара Қазақстанның экономикалық саладағы жобаларын қаржыландыруға бағытталған.
Құжаттарға ЕИБ тарапынан – аталмыш банктің вице-президенті Вильгельм Мольтерер, «Қазақстанның даму банкі» АҚ тарапынан – басқарма төрағасының міндетін атқарушы Аскар Достияров, «Сбербанк России» АҚ Еншілес банкі тарапынан – басқарма төрағасының орынбасары Ельдар Теңізбаев қол қойды.
Қол қою рәсіміне қатысқан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Біз Еуропалық инвестициялық банкпен өзара тиімді ынтымақтастық және жемісті диалогтың тереңдей түсуіне баса көңіл бөлеміз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Елбасының шетел инвестицияларын тарту бойынша тапсырмасын орындауға барынша күш-жігерін салуда», деп атап өтті.
|