Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов мал шаруашылығын дамытуда қауқарсыздық танытқан аудан әкімдерін жұмыстан босату мәселесін айтты.
Министр Асылжан Мамытбековтің айтуынша, Қазақстанның барлық аудандары ішінде рейтинг жүргізіледі. Онда фермерлік шаруашылықтардың аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші бойынша 10 үздік және 10 нашар аудан көрсетілген. Үздік 10 ауданда тұқымдық түрлендіруге 21 пайыздан 34 пайызға дейін, көрсеткіші төмен аудандарда 2 пайызға дейін мал тартылған.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Серік Ахметов көрсеткіштері төмен 10 әкімді жұмысынан босату туралы мәселені облыс әкімдерінің алдына төтесінен қойды.
«Біз өткен жылы да министрліктің алқа мәжілісіне мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдерін шақырған едік. Олардың алдына экспорттық әлеуетті дамыту мәселесі қойылған болатын. Осы екі жылда мал шаруашылығын дамытуда сапалы ілгерілеу мақсаты жүктелді Неліктен көрсеткіші нашар 10 ауданда тиісті жұмыстар атқарылмаған?», - деп тоқталды С. Ахметов.
«Осы орайда облыс әкімдерінің алдына мәселені төтесінен қоямын, атап айтқанда, көрсеткіші төмен аудандардың әкімдерін қызметінен босату туралы шешім шығаруы тиіс», - деп түйді Премьер-Министр.