Ұлттық спорт түрлерінің «Сонар – 2014» республикалық жарысында еліміздің үздік құсбегілері анықталды.
Оған Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстары мен Алматы және Астана қалаларынан бүркітшілер қатысқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бүркіт баптаушылардан Атырау облысынан келген Арман Қошқаров сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Алматы облысының құсбегісі Аян Сейітжан мен Байрақ Тастамбек иеленді. Қалған екі орын Алматы облысының тұрғындары Бақыт Шәріпов пен Алмас Сейітжанға бұйырды. Қаршыға салудан Жамбыл облысының құсбегілеріне тең келер ешкім болмады. Бірінші орынды Бағдәулет Бабажан, екінші орынды Абылай Үсен, үшінші орынды Серікбол Жалғасұлы иеленді. Бүркітшілер сайысы бойынша бірінші орынға - 100 мың теңге, екінші орынға - 70 мың теңге, үшінші орынға - 50 мың теңге берілді, қалған екі орынның жүлдесі - 30 мың және 20 мың теңге. Қаршыға мен ителгі байқауы бойынша жеңімпаздарға 30 мың, 25 мың, 15 мың теңге көлемінде жүлделер тағайындалған.
Айта кетейік, «Сонар-2014» республикалық жарысы 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы жарыс «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған. Ұйымдастырушылар: ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «Қыран» федерациясы және Алматы облысы әкімдігі.
|