Олимпиада күнделігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада күнделігі

13.02.2014
Олимпиада күнделігі
Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада Олимпиада ойындарының финалына шықты. Команда сапынан жарысқа Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиев қатысты. Конькимен шапшаң жүгіруде сағат тіліне қарсы желдей ескен жігіттер жартылай финалдық бәсекеде Нидерланд спортшыларынан кейінгі екінші нәтиже көрсетті. Яғни 5000 метр қашықтықты олар 6:47:152 секундта бағындырды. Қазақстандық шорт-трек шеберлерінің жүлде алуға тамаша мүмкіндігі бар.
 
Сондай-ақ, финалға Голландия мен Қазақстаннан бөлек, Қытай мен АҚШ құрамалары жолдама алды. Шешуші сын 21-ші ақпан күні өтеді. Ал 500 метрлік әйелдер жарысында Инна Симонова ел намысын қорғаған. Бірақ, ол іріктеу кезеңдерінен өте алмады. Оның қорытынды нәтижесі 25-ші орын болды.
 
Олимпиада ойындары мемлекеттер үшін тек спорттағы ғана жеңістерін, басқа да жетістіктерін әлемге паш етуге мүмкіндігін береді. Бұл ретте EXPO-2017 және Қысқы Универсиада ойындарының қожайыны атанған Қазақстан 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге дайын екенін көрсетіп жатыр. Терең тарихы бар қазақтың салт-дәстүрімен танысам деген Сочи қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан үйінің есігі айқара ашық. Қонақжайлылық бұл үйдің ерекшелігі.
 
Ұйымдастырушылар ұлттық құндылықты жаңа технологиямен бір арнаға тоғыстыра білген. Саңлақтарымыздың қатысуымен өтетін жарыстарды көруге Қазақстан делегациясының мүшелері осында жиналады. Үлкен-кішісі бар айрандай ұйыған бір отбасының баласындай орындықтарға жайғасып, спортшылардың тілеуін тілейді. Алдағы күндері қоржынға медаль салып, Қазақстанның туы Сочи төрінде желбірейді деп сенеміз.
 
Сочи Олимпиадасына спортшыларымыз бен жаттықтырушылар, спорт шенеуніктері мен БАҚ өкілдерінен бөлек бір топ жанкүйерлер аттанған болатын. Жарыс жолында спортшыларымыз қолдаусыз қалып жатқан жоқ. Қазақстандықтар қатысқан әрбір спорт түрінде көрермендер арасында біздің жерлестеріміз жетерлік. Көк байрағымыз әзірге тұғырда болмаса да, трибуналарда желбіреп тұр. Спортшылармыздың жігерін жанып, намысын қайрау үшін Жақсылық Үшкемпіров, Ольга Шишигина сынды Олимпиада чемпиондары Сочиге арнайы барды. Барынша спорт кешендерін аралап, қыз-жігіттерімізге жігер беріп жүр. Ертең «Лаура» шаңғы-биатлон кешенінде Алексей Полторанин бастаған шаңғышылар мен Елена Хрусталева бастаған биатлоншыларға жанкүйер болмақ.
 
Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының чемпионы:
Мен 1980 жылы Мәскеу қаласында XX жазғы Олимпиадада чемпионы болғанмын. Міне содан бері 34 жыл өтіпті. Енді XX қысқы Олимпиада ойындарының көрермені болып отырмын. Құрметпен шықырғанына халқыма, еліме рахмет. Енді жеткіншектер мен сияқты Олимпиада чемпиондары болады деп сенемін!
 
Бүгін керлингтен әйелдер арасындағы кезекті ойындар өтті. Айналымдық жүйе бойынша өтіп жатқан бәсекеде Швейцария мен Швеция спортшылары өзара мықтыны анықтады. Алма-кезек табыспен өрбіген ойында 9:8 есебімен Швеция арулары жеңіске жетті. Бұған дейін олар Корея мен Ұлыбританиядан басым түссе, Канададан ұтылған. Өз кезегінде «үйеңкі жапырақты» елдің спортшылары бүгін Данияны 8:5 есебімен ұтты.
 
Сондай-ақ, Қытай мен Ұлыбритания арасындағы ойын да тартысты өтіп, 8:7 есебімен «тұманды альбионның» керлингшілері жеңіске жетті. Керлинг бәсекесінің жеңімпазы мен жүлдегерлері 20-шы және 21-ші ақпан күндері анықталады.
 
Сочи Олимпиадасында скелетон бойынша екі жүлде жиынтығы сарапқа салынуда. Әйелдер және ерлер арасында үздіктер анықталады. Бобслей шана спортымен салыстырғанда скелетонның өзіндік ерекшеліктері бар. Спортшылар скелетонда, яғни шанада шалқасынан емес, етбетінен жатады. Жарыс екі күнге созылады. Әр спортшы арнайы жасалған мұз жолға төрт рет шығады. Соның қосындысында ең жылдам нәтиже көрсеткен спортшы жеңіске жетеді.
 
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша әзірге британдық Елизавета Арнольд топ бастап тұр. Екінші орында Ноэль Пикус-Пэйс тұрса, үздік үштікті Елена Никитина түйіндеуде. Әйелдер арасындағы скелетон жарысы ертең жалғасып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болады.

Хабарламаларға жазылу