«Теңгенің тағдырына жауаптымын» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Теңгенің тағдырына жауаптымын»

13.02.2014
«Теңгенің тағдырына жауаптымын»
-Құрметті Қайрат Нематұлы!  Теңгенің айырбастау бағамында өзгерістер жасауға нендей себептер болды?
 
-Жалпы, экономикамыз ұтты. Өйткені, экономиканың тұрақты жағдайда одан әрі өсуі туралы Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп, арнайы талдау жұмысын жасады. Алты айдың ішінде біз мемлекетте не болып жатқаны мен әлемде не болып жатқанын жан-жақты талдадық.
 
2009 жылдан кейін көп жерде дағдарыс болғанын сіздер білесіздер. Сол дағдарыстың салдары бойынша Еуропа мемлекеттері өте қиын жағдайда қалды. Қазір көптеген мемлекеттердің, оның ішінде бұған дейін шапшаң дамыған Қытайдың экономикасы бұрынғыдай қатты өспейді. Ресей экономикасының өсуі қарқынды емес. Ал, АҚШ-тың экономикасы жақсы жағдайда. Бұл - бірінші себеп.
 
Олардың жағдайы дұрысталған соң, дамушы елдерге инвестиция жасаған. Сондықтан, осы жылғы қаңтар айының ішінде 22 дамушы елдің валюта курсы долларға қарағанда төмендеді.
 
Біз тағы да Ресей рублінің жағдайы қалай болады деп қарадық. Бұрынғы жылдары да төмен еді, ал 2013 жылы тура 7 пайызға төмендеген. Тек осы жылғы қаңтарда төмендеді. Ол -  екінші себеп.
 
Содан кейін біздің мемлекеттегі сауда және қаржы балансының қандай болғанын таразыладық. 2013 жылы біздің экспортымыз қысқарыпты. Есесіне, импортымыз қатты өсті. Бұл да біздің экономикаға әсер еткен. Әрі ол дұрыс әсер емес.
 
Сондықтан, экспортқа өнім шығаратын және ел ішінде импортты алмастыратын тауар өндірушілерді қолдау үшін жалпы валюта саясатына өзгерістер енгіздік.
 
Тағы да бір себепті айта кету керек. Осы алты айдың ішінде біз 5 миллиард доллардан астам резервтерді саттық. Менің ойымша, резервтердің тұрақтылық жағдайын сақтау үшін біз осылай Ұлттық валютаның бағамын түзету туралы шешімге келуіміз керек еді.
 
Жалпы, адамдар теңгенің бағамын неге қазір төмендеткенімізді көп сұрайды. Мысалы, ендігі айға немесе жылдың аяғына дейін шыдай тұрмадық па, дейді. Менің ойымша ақпан айының бірінші онкүндігінде өткен жылдың барлық есептері қолға тиді. Соны саралай отырып, ең дұрыс шешімді қабылдадық.
 
-Ұлттық валютамыздың бағамына түзету енгізу еліміздің экономикасына не береді?
 
-Иә, Ұлттық валюта бағамы АҚШ долларына қарағанда, салмағын сәл азайтты. Бұрынғы теңгенің бағамын түзету кезінде солай болып еді. 2009 жылғы тура осындай қадамды көп адамдар енді ескермейді. Бірақ, соның арқасында 2009-2014 жылдың арасындағы экономикамыздың өсуі дұрыс болды.
 
Бюджетіміз кемінде 6 пайызға өсті. Бюджетімізге түсетін салықтар өсті. Әлеуметтік бағдарламаларға мүмкіндік ашылды. Сондықтан, 2009 жылғы шешім дұрыс болған екен. Осы шешімді біз 5 жылдан кейін қайталап отырмыз.
 
-Мұндай қадамнан тұтынушылар зардап шекпей ме?
 
-Жоқ, керісінше біз еліміздің тұрғындарының мүддесін ескере отырып бұл шешімге келдік. Жалпы, валютааралық бағамға түзету жасалған соң кейін бағалардың өсуі заңдылық емес пе? Әрбір елде сондай мәселе пайда болады.
 
Бірақ, біз Үкіметпен бірлесіп инфляцияның 8 пайыздан артық өспеуі үшін тынбай жұмыс жасаймыз. Соған арнайы бағдарламалар жасалады. Осыны ойластыру үшін үкіметпен кеше ғана кездестік. Үкімет ең маңызды тауарларды, мысалы, сүт, нан, мұнай сынды тауарларды қатаң бақылауға алады. Біз осындай жұмыстарға қатты қараймыз.
 
-2009 жылғы Ұлттық валюта бағамын түзету мен 2014 жылғы сіздер қабылдаған шешімнің айырмашылықтары бар ма?
 
- Мұндай мәселені анықтау үшін 2009 жылға қайта көз салу керек. Ол кезде екінші дәрежелі банктердің сырттан алған қарыздарының жалпы көлемі 45 миллиард АҚШ долларына тең болған.
 
Содан бергі бес жылдың ішінде Үкімет, Ұлттық банк және «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп жасаған жұмыстың нәтижесінде сол банктердің сыртқы қарызының жалпы көлемін 11 миллиард АҚШ доллары мөлшеріне дейін қысқарттық. Сондықтан, менің ойымша бұл қазір бізге үлкен мәселе болмайды.
 
2009 жылы да, қазір де бізге мұнай бағасы өте маңызды. Бірақ, бұл да шешуші фактор емес. Бүгінгі таңда ең маңыздысы - жалпы сауда және қаржы секторларында, макроэкономикалық әлемде қандай өзгерістер болады? Осыны жіті қадағалау әрі дер кезінде қажетінше қимылдау керек. Ұлттық банктің 2014 жылғы қадамын осы тұрғыдан түсіндіреміз.
 
Алдағы уақытта  жіті бақылауда болатын жайттар: Біріншіден, Ресей рублінің жағдайы қандай? Екіншіден, Қытай және Еуропа одағының экономикалық жағдайы ескеріледі. Үшіншіден, АҚШ-тың экономикасы осы қарқынмен өсе бере ме?
 
Және тағы да бір өте маңызды жағдай - біздің валюта резервтеріміздің көлемі. Сол барлық себептердің бірнеше факторларынан бір формула жасасақ, деген шешімге келдік.
 
-Қайрат Нематұлы, Сізге соңғы сұрағымызды қояйық. Бас банкир өзінің ақшасын қайда сақтайды және оны АҚШ долларына айырбастады ма?
 
-Айлық жалақым теңге шотында екінші деңгейдегі банктердің бірінде жатыр. Ақшаны тек қана теңгеде ұстаймын. Өйткені, теңгенің тағдыры - менің жауапкершілігім. Жалақым арқылы жиналған қаражатты алдын ала да, кейін де басқа елдің валютасына ауыстырған емеспін.
 
Ешқандай ақпарат Ұлттық банктен ешқайда кетпеді. Ұлттық валютаның бағамына түзету енгізілетінін тек қана арнайы жұмыс тобы білді. Басқа қызметкерлер білмеді. Қазір сол жұмыстың өзін тексеріп жатыр. Менің ойымша, бағамды өзгерту туралы қорытындыға келген топ жұмысты жақсы жасады. Бұл орайда Ұлттық банктің қызметкерлеріне  ризамын.
 
-Сұхбатыңызға рахмет!
 
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу