«Мұқағалидің ұлымын» деп әкемнің атағын пайдаға асырған кезім болған емес» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мұқағалидің ұлымын» деп әкемнің атағын пайдаға асырған кезім болған емес»

10.02.2014
«Мұқағалидің ұлымын» деп әкемнің атағын пайдаға асырған кезім болған емес»
Мұқағали Мақатаев тұтынған 800-ге тарта экспонат бүгін Қарасаздағы мұражайда сақтаулы. 
 
Бұл турасында ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы «әкемнің өз бөлмесінде өлең жазып отырғанда киіп алатын қара шекпені болатын. Сол шекпенін де мұражайға тапсырдық. Ең соңғы мұражайға тапсырған дүние бұл – «Ғасыр ақыны» деген атақ алғандағы дипломы. Оны әкемнің 70 жылдығында тапсырдық»,-дейді.
 
«Ол кісілер соғысты көрген соңғы буын болғандықтан, таршылықты көп көрді. Бірақ, біздерге, балаларына жоқшылықты  көрсетпеуге тырысты. Өзі «бізде балалық шақ болған жоқ» деп айтып отыратын. Ал біз бала болдық»,-дейді ақынның ұлы.
 
«Әкемнің жайдары кездері көп болатын. Бірақ, бір нәрсені ұнатпай қалса, айтып салатын адуынды мінезі де бар еді. Сол мінезінен-ақ жауларын көбейтіп алды ма деп ойлаймын».
 
«Менде «мен Мұқағалидің ұлымын» деп әкемнің атағын пайдаға асырған кезім болған емес. Себебі, әкенің берген тәрбиесі осындай».
 
Ақынның біраз мұрасы мұражайда сақтаулы, алайда үйде де қолжазбалары, суреттері, жаңа шыққан кітаптары бар. «Атам әдемі киінгенді жақсы көретін. Бірталай фотосуреттері уақыт өте сарғайып кеткеннен кейін, арнайы жөндетіп, жаңа альбом жасаттым. Үйде атамның қолжазбасынан 15 қалың дәптері және 3 жұқа дәптері сақталған»,-дейді ақынның келіні Бақыткүл Мақатаева.

 

 

Хабарламаларға жазылу