Мемлекеттік тіл саясатын дамытудың жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік тіл саясатын дамытудың жоспары бекітілді

05.02.2014
Мемлекеттік тіл саясатын дамытудың жоспары бекітілді
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақ тілінің жағдайы Елбасы Жолдауында да басты назарға алынды. Мемлекеттік тіл саясатын дамытудың алдағы жоспары бекітілді. Үкімет басшысы Серік Ахметов комиссия отырысын өткізіп, барлық атқарылған шаруаларды пысықтады.
 
«Тәуелсіздік алған жылдары қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың саны небәрі 900 мыңға жуық болатын, ал қазір бұл көрсеткіш 1 миллион 700 мыңнан асты»,- деді жиында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
 
Мұнымен қоса, министр бүгінде мемлекеттік органдардың 70 пайызы қазақ тілінде іс жүргізуге кіріскенін тілге тиек етті. Премьер-Министр мемлекеттік тілді қолданысқа кеңінен енгізу үшін алдымен «Нұр Отан» партиясы мен Парламент депутаттары жұмыла кірісу керек екенін баса айтты.
 
Осы орайда партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыстың орындалуын қатаң қадағалау қажеттігін жеткізді.

Хабарламаларға жазылу