«Ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі»

27.01.2014
«Ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі»
 
Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында халық ақыны Фариза Оңғарсыновамен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға ақынның замандастары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, жазушылар, ақындар және республиканың әр өңірінен келген қарақұрым халық  жиылды.
 
Қоштасу рәсімін ашқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жиылған жұртқа көңіл айтып, Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді.
 
«Халқымыздың аяулы да ардақты алтын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Фариза Оңғарсынқызы ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі еді.
 
Оның қаламынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Ақын өлеңдерінен оның өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы адам жанына жете үңіліп, соны таңғаларлықтай шеберлікпен аша білетін талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын.
 
Ақынның есімі ұмытылмайды, оның шығармалары халқымызбен бірге жасай береді, деп сенемін»,-делінген жеделхатта.
 
Ал Халық жазушысы Әбіш Кекілбай замандасымның жаңа шығармасы жарық көргенде оның өзінен бетер қуанатынмын, деп еске алды.
 
«Қазақ қауымы бүгін тағы да қара жамылды. Ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Фариза екеуіміз түйдей құрдаспыз. Қақаған желтоқсанның біреуіміз басында, біреуіміз соңында туыппыз.
 
Әдебиет табалдырығын да бірге аттаппыз. Бір-біріміздің жазғандарымызды оқитыныз. Оның жазғандарына өзімнің жазғандарымнан бетер қуанатынмын. Алған асуларына, шыққан шыңдарына ерекше тамсанатынмын. Ұлы ақын еді...»,-деді жазушы.
 

Хабарламаларға жазылу