Өлең, мен сені аялап өтем! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өлең, мен сені аялап өтем!

24.01.2014
Өлең, мен сені аялап өтем!
Қазақы қара өлеңнің падишасы – Фариза Оңғарсынова әркез ұлтымыздың ғана емес, ұлыларын ұлықтаған Ұлттық арнаның  да жанашыры еді...
 
Ақын телеарнаның бірталай хабарына қатысып, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, замандастары туралы өзекжарды пікірін білдірген.
 
Кейінгі жылдары Фариза Оңғарсынова Ұлттық арнаның «Келбет», «Жарқын бейне», «Сіз не дейсіз?», «Ұлттық шоу» және т.б. бағдарламаларында негізгі кейіпкер болған. Сондай-ақ, ақын туралы «Жұрт мені қатал дейді» атты арнайы тележоба түсірілген.  
 
«Өлең, мен сені аялап өтем...»
 
Дара күндерімнің,
Нала түндерімнің
Серігі болғаның үшін,
Сенімі болғаның үшін,
Мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,
Біреудің жасып мұңынан,
Жүрегім сыздаған кезде,
Жаным мұздаған кезде
Мен сені саялаймын.

Біреудің күлкісін көріп,
Бақыттының түр-түсін көріп,
Шаттанып қалған шағымда,
Жеткендей арман-сағымға,
Қуаныштан дірілдеп денем,
Алдыңа күлімдеп келем.

Ажалмен айқасқан сәтте
Қыршын жас көз ілгенін көріп,
Өткінші сезімдерді көріп,
Кешегі «доспын» дегеннің
Минутта жерінгенін көріп,
Кімнен өшімді аларымды білмей,
Кімдерге кінә тағарымды білмей,
Алдыңа лапылдап келем,
Жарылуға жақындап келем.

Өмірдің өткелдерінен
Қиындық көп көргеніммен,
Өртеніп от басқаныммен,
Өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы-мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып,
О, баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!

Хабарламаларға жазылу