Қазақ Фаризасынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ Фаризасынан айырылды

23.01.2014
Қазақ Фаризасынан айырылды

Қазақ поэзиясына құбылыс әкелген ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова бүгін, 23 қаңтарда 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл - қазақ қоғамы үшін, әдебиетіміз бен жалпы руханиятымыз үшін орны толмас ауыр қаза.

Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.

1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.

1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.

1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.

1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 жылғы желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы болып істеген.

1978-1996 жж - республикалық «lino-Hep» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы.

Шығармашылығы:

Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» және т.б. баспалардан жарық көрді.

Бірқатар шетел ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, көптеген драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.

1984 жылы «Үйім — менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.

Қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға қоғамдағы үлкен істердің бастамашысы болды, басы-қасында жүрді. Ақын Ұлттық арнадағы көптеген бағдарламаларға қатысып, халықты ынтымақ-бірлікке бастар, қоғамға ой  салар шараларға белсене атсалысты.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы ұжымы халқымыздың ардақты азаматының отбасына, туған-туыстарына, ет жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғырып, көңіл айтады.

Хабарламаларға жазылу