Қанат Ислам: «Аstаna Arlans»-қа қайтып келмеймін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Ислам: «Аstаna Arlans»-қа қайтып келмеймін

23.01.2014
Қанат Ислам: «Аstаna Arlans»-қа қайтып келмеймін
Соңғы кездері бокс жанкүйерлері арасында «Қанат Исламның «Арландар» сапына қайтып оралуы мүмкін», деген әңгіме жиі айтылып жүр. Көпшілік көкейіндегі сұраққа кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақстандық былғары қолғап шебері «Sport» басылымына берген сұхбатында жауап берді.
 
««Астана» президенттік клубына қосылсаң, «Арландар» сапына  қайта қабылдауға дайынбыз, деп Бақтияр Артаев арнайы кездесіп,  ұсыныстарын айтты.  Бақтияр ғана емес, «Астана арландары» кәсіби бокс клубының директоры Болат Манкенов ағамыз да қайта келуімді сұраған. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдамаға таласуыма мүмкіндік бар екенін де айтты. Мен бас тарттым.
 
Өздеріңізге белгілі, мен қазір кәсіпқой бокста жүрмін. Бір жылда 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Оның 14-і нокдаун, 2-і нокаут. 15-ші кездесуімде колумбиялық Эмилио  Хулионы жеңгеннен кейін, WBA тұжырымы бойынша орташа жеңіл салмақта Fedecaribe  (Америка және Кариб теңізі аймағы чемпионы) чемпион атандым. Бұл - Әлем чемпионы атағына жақындау деген сөз. Осындай деңгейге келіп алып, кәсіпқой боксты қалай тастап кетемін?! Сондықтан, келісім берген жоқпын»,-дейді ол.
 
Менің басты мақсатым – Олимпиадаға қатысу болса, онда  Қытайдың атынан бара берер едім. Қытайдың атынан бір емес, екі Олимпиадаға қатыстым. Үшінші рет қазақ Туын жамылып шықсам деген арманым болды. Ол арманым орындалмады. Бұл туралы айтқым да, ойлағым да келмейді. Ендігім мақсатым – көк байрағымызды  кәсіпқой бокста желбірету. «Өз уақытында «Арландарға» қолымнан келгенше үлесімді қосуға тырыстым. Жеңіс те сыйладым, жеңіліп те қалып жаттым. Жеңісіме масаттанған жоқпын, жеңілсем, жасыған жоқпын. Шамамның келгенінше команданы алға тартқаныма халық куә», - дейді ол.
 
«Ал елге өкпелеп, шетел асып кетті дейтіндерге айтарым, «Еліме өкпелейтін болсам «Елім, жерім» деп неге келдім?!  Ол жақтан аштан өліп, көштен қалатын болған соң келген жоқпын. Бойымда қан, кеудемде жан бар кезде елімді тауып, аз да болса  маңдай терім ата-жұрт топырағына тамсын деп келдім. «Қазақстан азаматы» деген жеке төлқұжатымды енді басыма ешқандай қоспасыз алтыннан сарай соғып берсе де, ештеңеге айырбастамаймын. АҚШ-қа кетсем жер шарының арғы бетіне қазақ деген елдің бар екенін, қалай жұдырықтасып, қалай төбелесетінін көрсету үшін кеттім», - дейді спортшы.
 
Айта кетейік, Қанат Ислам  соңғы жекпе-жегін 2013 жылдың  29-қарашасында Эквадор астанасы Кито қаласында өткізіп, қарсыласы Эмило Хулионы үшінші раундта  сұлатып салған болатын.
 
Боксшының келесі кездесуі ақпан айының ортасында өтеді деп жоспарланған. Алайда, қарсыласы әлі анықталған жоқ.

Хабарламаларға жазылу