Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атауы өзгертілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атауы өзгертілді

23.01.2014
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атауы өзгертілді
 
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атауы өзгертілді. Енді аталмыш комитет «Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті» деп аталады.
 
Конституциялық заңға сәйкес, тұрақты комитеттердің атауын Палата айқындайды. Осыған орай, Палата алдында сөз сөйлеген комитет төрағасы Ақан Бижанов  Елбасының өткен жолғы Жолдауына тоқтала келе, ондағы басты мақсат республиканың әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу екенін атап өтті.
 
«Бұл тапсырманың сәтті іске асырылуы - мемлекетіміздің ғылымды қажет ететін экономика қағидаттарына негізделген индустриялық-инновациялық даму жолын күшейтумен байланысты. Осыған орай, Президент өзінің Жолдауында ғылымның дамуына ерекше назар аударды. Ғылым саласының құқықтық қамтамасыз етілуін күшейту мақсатында комитет атауын «Әлеуметтік-мәдени және ғылым комитеті» деп өзгертуді ұсынамыз», - деді депутат А. Бижанов.
 
Палата депутаттары  ұсынысқа қолдау білдірді.

Хабарламаларға жазылу