Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 2013 жылы «Атажұрт» баспа орталығынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік мәні зор әдеби шығармаларды басып шығару бағдарламасы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесерін өткізді.
Ұйым биылғы жылы қазақстандықтар үшін тұңғыш рет «Шетелдегі қазақтар» топтамасы бойынша Қытай мен Моңғолиядағы отандастарымыздың туындыларын, сондай-ақ, Моңғолия мен Ресейдегі қазақтар туралы жаңа кітаптарды жұртшылық назарына ұсынбақ.
Бұл шығармалардың авторлары - еңбектері шетелдердегі өкілетті органдармен мақұлданып, оқу бағдарламалары мен оқулықтарға енгізуге ұсынылған қаламгерлер.
Мұндағы авторлардың бірі - Қаусылхан Қозыбайұлының «Ісләмнің құрдасы» атты әңгімесі мен «Шағылған төсек» пьесасы Қытайдағы қазақ мектептерінің оқулықтарына енгізілген.
Көпшілік көңіліне ұсынылған тағы бір шығарма - «Атажұртқа жеткен көш» өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында қазақтардың Моңғолиядан атамекеніне оралуы туралы сыр шертеді.
Шараға кітаптардың авторларымен бірге, жалпы жұртшылық пен республикалық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.