«Нұр Отан» Бақыт Сыздықованы сотқа берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» Бақыт Сыздықованы сотқа берді

22.01.2014
«Нұр Отан» Бақыт Сыздықованы сотқа берді

Бақыт Сыздықовадан қарызын қайтарып алу мәселесін «Нұр Отан» енді сот арқылы шешпек. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек СТВ телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Бақыт Ахметқызы қарызын қайтаратынын жариялағаны белгілі. Алайда, оның тарапынан әзірше ешқандай әрекет болған жоқ. Сондықтан да біз істі сотқа жолдадық. Төрелігін енді сот айтады», - деп мәлімдеген Бауыржан Байбек. Сонымен қатар ол: «Егер адам қолымен істегенді мойнымен көтере алмаса, ондай адамды партияға қайтадан қабылдауға тиісті емеспіз деп ойлаймын», - деген.

Ал, Бақыт Сыздықованың өзі болса, партияның сотқа бергенінен хабарсыз көрінеді. Ол Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында: «Бұл «Астана KZ» КВН командасының қарызы. Бұл ақшаға олар Қазақстанды жарнамалап, ел жастарын халықаралық деңгейде насихаттады. Партия қызметкерлерінің оны неліктен «Сыздықованың қарызы» деп атайтынын түсінбеймін. Ал, Қазақстан секілді құқықтық мемелекетте бұндай даулардың сот арқылы шешілуі қалыпты жағдай»,-деп жауап берген.

Еске сала кетейік, Бақыт Сыздықова 2013 жылдың 18 қыркүйегінде партия қатарынан шығарылған еді. «Нұр Отан» басшылығы оның өзі басқарған қоғамдық қорға партиядан бөлінген 7 миллион теңгені қайтармағанын айтқан.

Хабарламаларға жазылу