Әлемнің ең бай адамы, технологиялық магнат Билл Гейтс кедейшілік пен жұқпалы ауруларды жеңу мүмкін емес деген пікірді сынға алды, деп жазады «The Daily Mail».
Билл және Мелинда Гейтс қайырымдылық қорының жыл сайынғы хатында магнат алдағы онжылдықтарға болжам жасады. Гейтстің пікірі бойынша, 2035 жылға қарай әлемде кедей елдер қалмайды. Ал мемлекеттердің 70 пайызында тұрғындардың табысы бүгінгі таңда Қытай елінде тіркелген көрсеткіштен кем болмайды.
Билл Гейтстің ойынша, келешек екі онжылдықта он елдің тоғызында халықтың жан басына шаққандағы табысы қазіргі кездегі Үндістан мемлекетінің көрсеткіштеріне дейін жетпек.
Сонымен қатар, миллиардер кейбір елдердің дамуы соғыс пен саясаттың кесірінен тежелетіндігін болжаған. Бұл жерде Гейтс Солтүстік Кореяны меңзеп отырғанын да жасырмады.
Айта кетейік, танымал магнат Билл және Мелинда Гейтс қайырымдылық қорына 28 миллиард АҚШ долларын бөлген. Бұл қордың негізінде әлемнің әр мемлекетінде ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобалар қаржыландырылады.