Мүсінші Қабанбай батыр ескерткішінің құнына қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүсінші Қабанбай батыр ескерткішінің құнына қатысты пікір білдірді

22.01.2014
Мүсінші Қабанбай батыр ескерткішінің құнына қатысты пікір білдірді
 
Өскенмен қаласына кірер жол бойына орнатылатын Қабанбай батыр ескерткішіне Қазақстандағы басқа да ескерткіштердің бағасына қарағанда аз қаражат жұмсалған. Бұл туралы мүсінші Нұрлан Далбай  «Tengrinews.kz» сайтына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, ескерткіш  жұмысына 105 миллион теңге бөлінген (жұмысшылардың жалақысымен қоса алғанда).
 
Нұрлан Далбай сыншылар ескерткіш материалына қарамай,  монумент бағасын талқылап жатқанын айтады. «Бөлінген қаражатқа келсек, күлкілі. Қазақстандағы басқа да ескерткіш бағаларына қарағанда төмен», - дейді ол.
 
Мүсінші ескерткішке 2012 жылы тапсырыс берілгенін айтады. Ол дәнекерлеу жұмыстарына жарты жыл кеткен. Бетондау жұмыстарына тағы сонша уақыт жұмсалған. «Ал жарты жыл нобайын дайындап, зауытқа жібердік. Бөлінген қаражат -  ескерткіштің өзіндік құны. Ал кіріс 8-9 пайызын ғана құрайды. Егер миллион теңгені қалтаға бассақ, ескерткіш қайдан жасалады, жұмысшыларға ақшаны кім төлейді?», - дейді Нұрлан Далбай.

Мүсіншінің айтуынша, батыр ескерткішін Шығыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасының  Мәдениет және ақпарат министрлігі сыйға тартып отыр. Ескерткіш ұзындығы – 12,28 метр.  Монументті Наурыз мерекесінде ашу жоспарланған.

Хабарламаларға жазылу