«Дакар-2014» раллиінің 11-ші кезеңі Антофагасттен басталып, Эль-Сальвадордан аяқталды.
Жол талғамайтын көліктер ішінен аргентиналық Орландо Терранова жеңіске жетті. Ол бұл кезеңді 5 сағат 58 минут ішінде өтіп шықты. Испандық Хоан Нани Рома (+10:57) екінші орында. Ал мәреге үшінші болып оңтүстікафрикалық Джиниэл де Вильерс (+12:38) жетті.
Бұл кезеңде қазақстандық екі экипаждың ішінен «Nissan» көлігін мінген Денис Березовский пен Игнат Фальков 45-ші, ал «Proto Overdrive» көлігін тізгіндеген Айдын Рақымбаев пен Владимир Демьяненко 50-ші орыннан көрінді. Жалпы есепте Айдын Рақымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы 18 орынға сырғыды. Денис Березовский пен Игнат Фальков экипажы 35-ші орында.
Жүк көліктерінің жарысында ресейлік «КАМАЗ-мастер» командасының пилоты Андрей Каргинов топ жарды. Оның командаласы Эдуард Николаев екінші, голландтық Жерар Де Рой үшінші орынды иеленді. «Tatra» көлігімен сынған түскен Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы кезеңді 14-ші болып аяқтады. Олар жеңімпаздан 1 сағат 44 минут 31 секундқа қалып қойды. Қазақстандық экипаж бес сатыға көтеріліп, 16-шы орынға жайғасты.