Ғылымда шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Мыңжылдықтың проблемасы аталатын жеті ең күрделі математикалық есептің түйінін тарқатуға әлем ғалымдары талай жылдан бері бас қатырып келеді. Бүгінде әлемнің 1500-дей ғалымы осы есептердің шешімін тапсам деп талпынуда.
Жуырда профессор, физика-математика ғылымдарының докторы - Мұхтарбай Өтелбаев «Новье Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін тәмамдап, ашық басылымда жариялады.
«Осыдан 4 жыл бұрын осындай әдіспен шешілетін шығар деген ой келді, осы амалды қолдана отырып, есепті шеше бастадым. Біресе күмәнданып, біресе дұрыстығына көзім жетіп, осыдан бір жыл бұрын бірнеше кезеңнен өткізіп, есептің шешімін тапқаныма сендім»,-дейді математик.
Ғалым күрделі есептің құпиясын ашуға 80-ші жылдардан бастап кіріскен көрінеді. Бірнеше рет қателессе де, оның өз саласына деген қызығушылығы ақыры жетіктікке бастады. Қазір ғалым бұл еңбегін шетелге шығаруға қам жасауда.
«Мақала орыс тілінде жазылды. Ресейдің осы салада жұмыс істеп жүрген математиктеріне жібердім. Ол жақтан бірер адам маған күнде хабарласып тұрады. Қай жеріне келгендерін айтып. Менің ойымша, бір айдың көлемінде бүкіл ресейліктер біліп қалар. Сонымен қатар, мұны шәкірттеріме ағылшын тіліне аудартып жатырмын. Ол біткен соң, баспаға беріледі».
Әріптесі Асқар Жұмаділдаев: «Қазақтың ең мықты математигі деп осы Мұқаңды айтуға болады. Өйткені, ол кісінің 100 шақты оқушысы бар. Біз 10 оқушыға әрең жетіп жүрсек, ол кісі бүкіл Қазақстанды оқушыларымен жауып тастады»,-дейді.