Жаңа жыл қарсаңында лотереядан 10 миллион теңге ұтып алған қарағандылық зейнеткер ұтысқа қалай қол жеткізгені туралы айтып берді.
Жергілікті «Новый вестник» баслымына берген сұхбатында ол бұл ұтысқа қол жеткізуіне өз есебінің ықпалы болуы мүмкін екенін айтты.
«Мен ойын кезінде жиі кездесетін және мүлдем кездеспейтін сандарды іріктедім. Бір жыл бойы сол сандарды (жиі кездескенін ред.) ғана белгілеп келдім. Егер бірнәрсе ұтсам, онда тағы белгіледім. Осының барлығын есептер болсақ, мен ойын барысында тепе-теңдікте келе жаттым. Ұтқам да, ұтылғам да жоқ»,- дейді Валерий Владимирович.
Ол өзінің тегін айтпайды және сұхбат кезінде де бетін шарфымен көлегейлеп отырған. Кезінде бұл кісі құқық қорғау органдарында қызмет еткен екен, сондықтан да, «сақтансаң сақтаймын» дегенді үнемі назарда ұстайды.
Миллионер сонымен қатар, өзінің ерекше ырымы барын айтады. Егер ол лотерея билеттерін сататын дүкенге бара жатқан жолда сол аяғынан сүрінсе, онда міндетті түрде бәсті қомақты ұтысқа тігеді.
Айта кету керек, зейнеткер бұл ұтысты «Суперлото» ойынынан жеңіп алған.
«30 желтоқсан күні 10 билет сатып алдым. Бар болғаны 1000 теңгеге. Сосын Жаңа жылды қарсы алуға дайындалдық. Кешке қарай теледидардан ұтысты көруге отырдық. Барлық сандарды белгілеп шыққанымда, өз көзіме сенбедім. Сосын 31 желтоқсан күні екі билет Қарағандыдан ұтып алды деп хабарлады. Сол екі билет те менікі еді. Әзірге бұл миллиондарды қайда жарататынымды білмеймін. Тек бір миллионын жеті жастағы немеремнің атына депозитке салып қоямын. Ол 18-ге келгенде сыйлық болсын», дейді зейнеткер.