Француздық «Closer» журналы ел президенті Франсуа Олландты азаматтық некедегі әйелінің көзіне шөп салды деп айыптап отыр. Редакция 10-қаңтарда шығатын баспа нұсқасында мемлекет басшысының белгілі актриса Жюли Гайемен (Julie Gayet) қарым-қатынасын дәлелдейтін суреттерді басатынын мәлімдеген.
Бұл туралы француздық БАҚ-қа сілтеме жасап, lenta.ru хабарлап отыр.
Басылымның мәліметтерінше, Франция президенті скутермен бүкіл Парижді басып өтіп, көңілдесі тұратын үйге жиі барады екен. Тіпті ол сол үйде түнеп те қалатын көрінеді.
Осындай сапары кезінде президентті тек бір ғана оққағар күзететін болып шықты. Бұл оның өміріне қауіп төндіретіні даусыз.
Франсуа Олланд болса, «Agence France-Presse» хабарлағандай, «Closer» журналын сотқа бермек ниетте. Мемлекет басшысының ойынша, мұндай материалдарды жариялау - оның жеке өміріне қол сұғушылық.
Қазір 41 жастағы Жюли Гайе - Францияда 50-ден астам фильмге түскен танымал актриса.
Айта кету керек, ресми түрде Францияның бірінші ханымы 49 жастағы журналист келіншек Валери Триервейлер болып саналады. Екеуі Ф. Олланд президент болғанға дейін бірнеше жыл бұрын қосылған.
Онымен қосылғанша Олланд Сеголен Руаяль есімді 4 баласының анасымен 25 жылдай азаматтық некеде тұрған.
«Agence France-Presse»-тің атап өтуінше, Францияның көптеген президентінің көңілдестері болған. Солардың қатарында Жак Ширак, Франсуа Миттеран және Валери Жискар д'Эстендер бар. Дегенмен, француздар басшыларының мұндай «еркеліктеріне» әрдайым салқынқандылықпен қарап келген. Олардың көңілдестерінің болуы саяси аренадағы рейтингтеріне еш әсер етпеген.