«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Жылан жылында газеттің таралымы 200 мыңнан астам болды. Қазір қағаз газеттердің алды жабылып, сайтқа айнала бастаған тұста, интернет күшейіп, телеарналар жылдан-жылға көбейіп бара жатқан заманда қағаз түріндегі газеттердің болашағы не болады деген мәселе күн тәртібінде тұрғаны анық. Бірақ, біздің жас мемлекетіміз үшін, әлі жеткілікті деңгейде мемлекеттік тіл дәрежесіне жете қоймаған тіліміз үшін қағаз газеттердің рөлі біразға дейін сақталатынына сенемін»,-дейді Сауытбек Әбдірахманов.
«Өткенмен салыстырғанда газеттің жұмысында сыни бағыт күшейе түсті. Мысалы, «Қауқарсыз Үкімет, әрекетсіз әкімдер» деген сияқты айқайлаған тақырыптар бұрын көп шыға қоймайтын. Оған да біздің Елбасымыздың сыны әсер етті. «Мемлекеттік басылымдарда мемлекеттің көкейкесті мәселелерінің көтерілуі көңілдегідей емес, телеарналар ең ащы мәселелерді көңілдегідей көтермейді деген тұрғыдағы сыны көптеген ақпарат құралдарына әсер етті. Біздің газет өз позициясын сақтап қана қоймай, оны одан әрі бекіте түсті. Газет қоғамдағы түрлі олқылықтарды алдағы уақытта бұрынғыдан да жүйелірек жазуға бағыт ұстап отыр».