Биыл қаңтар айында «Айқап» журналының шыққанына 103 жыл толды.
Қазақ тіліндегі алғашқы ағартушылық-демократиялық бағыттағы қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал 1911 жылы Троицк қаласында араб қарпімен алғашында айына 1 рет, 1912 жылдан бастап 2 рет жарық көрген.
Оның шығарушысы және редакторы - Мұхамеджан Сералин болған. Қазақ баспасөзін зерттеуші ғалымдар Қалижан Бекқожин мен Сағымбай Қозыбаевтың мәліметіне қарағанда, 1915 жылға дейін оның 88 нөмірі шыққан.
Түйін сөздерін Мұхамеджан Сералин, Бақытжан Қаратаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып, өз маңына қазақ зиялыларын топтастырған бұл журналға Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Назипа Құлжанова, Сәкен Сейфуллин, Ғұмар Қарашев, Қошке Кемеңгеров, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы және тағы басқалар белсенді түрде атсалысып, материалдар жазып тұрған.
Олар «Өлең-жыр», «Фельетон», «Басқармадан», «Одан-бұдан», «Хабаршыларымыздан», «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» сияқты тұрақты айдарлар бойынша үзбей жарияланған. Онда ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы көкейкесті тақырыптар - жер тағдыры, әйел теңдігі, билік, шаруашылық жүргізу, тіршілік салты, ағарту, діни ғұрып, құқық жүйесі, денсаулық және тағы басқалар қамтылған.