Денсаулық сақтау басқармалары тиісті министрліктің қарамағына өткені дұрыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау басқармалары тиісті министрліктің қарамағына өткені дұрыс

29.07.2019

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Елордада өткен алқа отырысында осылай деп мәлімдеді. Жиында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі сөз болып, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шаралары қарастырылды. Толығырақ Фариза Мұсақызы айтады.

Республика бойынша ана өлімі Қостанай облысында көп тіркеледі. Соңғы алты айда 100 мың адамға шаққанда жаңа босанған ананың 36-сы көз жұмған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бала өлімі көп. Биылғы 6 айдың өзінде 1000 жаңа туған нәрестенің 11-і шетінеген. Министр Елжан Біртанов осындай жағдай үшін өңірдегі ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлеріне қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жалпы мәселе, ол жауапкершілік жоқ. 4 жыл болды. Жыл сайын әр алты айда біз жиналып, осыны талқылаймыз. Әр алқада, осындай жиында айтасыздар, шаруа жүріп жатыр, енгізіліп жатыр деп. Бірақ, жыл сайын индикатор төмен. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Бір дәрігер, бір менеджер осындай жұмысты бітірмегені үшін жұмыстан шығарылды ма? Жоқ, олар жұмысын істей береді. Олар соған үйреніп қалады. Мемлекеттік бағдарлама ешкімге қажеті жоқ.

Алқа отырысында көтерілген тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Мәселен, талап бойынша, алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсететін 1 дәрігерге 1700 науқас қаралу керек. Бірақ, мамандардың жетіспеушілігінен Алматы облысында 1 дәрігерге – 2900, Қостанайда – 2600, Павлодарда – 2500 адам қаралады екен. «Денсаулық» бағдарламасы аясында осы жағдайды реттеу де көзделген.

Айнұр Айыпханова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры:

Жалпы елімізде дәрігерлер тапшылығы 6 мыңдай. Бірақ, олардың жартысы биыл медициналық университет бітірген түлектермен жабылады. Алайда, жылдан-жылға біраз дәрігер 3 жылдық жұмыс мерзімін істеп болғасын қайтадан кетіп қалуы мүмкін. Қайтадан оқуға немесе жекеменшік клиникаларға. Кадрлердің жоспарлауын биыл қолға алдық. Цифрландырдық. Енді біз қай өңірде қанша әрі қандай маман жетіспейтінін білеміз.

Министр Біртанов саладағы осы және өзге де өзекті түйткілдерді шешудің тиімді жолын айтты. Ол – өңірдегі денсаулық сақтау басқармаларын қайтадан министрлік құрамына енгізу. Яғни, бұрынғы жүйені қайтару атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуына септігін тигізеді, -дейді министр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


 

Хабарламаларға жазылу