Елімізде жаңа туған балалардың үштен бірі жүйке ауруларына шалдығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаңа туған балалардың үштен бірі жүйке ауруларына шалдығады

19.07.2019

Алматылық дәрігерлер осыны айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, туа біткен науқастарды жүйелі әрі дер кезінде емдемесе, дерт басқа ағзаларға да кері әсерін тигізуі мүмкін.

Ақнұр Омарханқызы симптоматикалық эпилепсиямен ауырады. Яғни, жүйке жүйесі дұрыс жұмыс істемегендіктен, жамбасындағы ұршығы шығып кете береді. Ал ата-анасының қызына ем іздеп бармаған жері жоқ. Енді осындай науқастарға операция жасау үшін №2 қалалық балалар ауруханасында нейрохирургиялық орталық ашылмақшы.

Көпсалалы операция үшін білікті мамандарды даярлау - басты міндет. Сондықтан қазір қалада нейрохирургиялық мектеп жұмыс істеп тұр. Мұнда жас кадрлар білікті шетелдік дәрігерлерден дәріс алады. Осында Израильден арнайы келген дәрігер әуелі Ақнұр Омарханқызымен танысып, хал-жағдайын сұрады. Маман оның денсаулығын тексеріп көрді.

Шломи Константини, медициналық орталықтың Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің директоры (Израиль):

Бұл науқасқа реабилитацияны күшейту керек. Себебі оның жүріп кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ана құрсағында жатқанда жүйкесіне зақым келген. Сондықтан басқа ауруларға душар болмау үшін сауықтыру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Аяғын тең басып жүрмесе де, одан әрі жақсы өмір сүруіне жағдай жасауға болады.

Дәрігерлердің пікірінше, Алматыда демографиялық жағдай жақсарып келеді. Алайда, туа біткен аурулардың ішінде ми қан тамырларының дерті дендеп барады. Тіпті, сал ауруына шалдыққан балалардың саны көбейді. Сондықтан оны емдеу үшін операциялық орталық ашылса, көптеген науқасқа жәрдем беруге болады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу